Енді көру қабілеті нашар жандар веб-парақшаларды, электронды хаттарды және
құжаттарды оңай шолып, қазақ тіліндегі ақпаратқа қол жеткізе алады. Тіл-қазына
орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, арнайы мобильді
қосымша жасап шығарды. Инновациялық құрал зағип жандарға экрандағы мәтінді
дыбыстап оқып береді. Осылайша, көру қабілеті нашар адамдар енді өз
смартфондарын өздері басқара алады. Әлемдік стандарттар негізінде жасалған
мобильді қосымша смартфон тұғырнамаларында қолжетімді.
Бауыржан Серікбай, жоба жетекшісі:
-Бағдарламаны әзірлеуге негізінен 6 айдан астам уақыт
кетті. Әзірлеудің басты технологиясы - Text to speech технологиясы. Ол
дегеніміз мәтіннен сөйлемге түрлендіру технологиясы. Қазақ тілінде осыған дейін
бұндай технологиялар мүлдем жасалмаған болатын. Біздің ұжым – «Тіл-қазына»
орталығы қазақ тіліндегі синтезді жасау арқылы осындай үлкен жетістіктерге және
осындай үлкен бағдарламаларға қол жеткізген болатын.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:
-Мүгедектердің құқығын қорғау жөніндегі конвенция 2008
жылы конвенцияға қосылды. 2015 жылы осы Конвенция ратификацияланып, осы
конвенцияның ішінде жазылған. «Кез келген мүгедектігі бар азамат өз тілінде
ақпарат алуға және ақпаратқа қол жеткізуге Үкімет жағдай жасау керек»,-деген.
Осы бүгін орындалды. Осы жетті, осы келді бізге. Қатты қуанатыным да осы.