Қазақстан мен Әзербайжан өзара тауар айналым көлемін 1 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр

Ол үшін Қазақстанның барлық алғышарттары бар. Өткен жылдың өзінде қос тарап арасындағы өзара сауда көлемі 40%-ке өсіп, АҚШ валютасымен есептегенде 460 миллионнан асты, ал 2023 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша тауарайнламы 185 миллионды құрады. Кездесу барысында еліміздің үкімет басшысы мен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, көлік-логистика секторы, сауда, энергетика, аграрлық сектор, IT және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы әріптестік мәселелері талқыланды. Әлихан Смайылов Әзербайжан Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптесі екенін және екі ел арасындағы өзара іс-қимыл сенім мен өзара түсіністікке негізделген стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жарқын мысалы екенін атап өтті. Өз кезегінде Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Қазақстан Премьер-Министрінің ресми сапары елдер арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға серпін беретініне сенім білдірді.