Қазақстанда өндірісті ынталандырудың жаңа тетіктері енгізіледі

Қазақстанда индустриялық дамуды ынталандыру үшін өнеркәсіптік грант берілмек. Жаңа қолдау құралы өндіріс құру үшін қажетті жабдықтарды жаңғырту және шығындарды бірлесіп қаржыландыруға бағытталмақ. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Сенаттағы үкімет сағатында мәлім етті.

Оның айтуынша, отандық кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттігін арттыру бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Индустрияландыру картасын қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдер бекітіледі. Бұл салаға қаржы құюды ынталандыру мақсатында бірыңғай инвестициялық карта әзірленеді. Ел аумағында өндірілмейтін шикізат пен жинақтауыштарды баждан босатуды көздейтін стратегиялық өнім тізбесі жасалады.

Сондай-ақ отандық өнімдерді қолдау мақсатында «Ел ішіндегі құндылық» атты жаңа ұғым енгізіліп, орта және жоғарғы қайта өңдеудің басым 4 мыңнан астам тауар тізбесі әзірленеді. Мемлекеттік қолдау кезінде осы тізімге басымдық беріледі.

 

Авторы: Жеңіс Ермұқанов