Қазақстанда 9 ЖЭК нысаны іске қосылады

Қазақстанда 9 ЖЭК нысаны іске қосылады

Қазақстанда биыл жаңартылған энергия көздерінің жаңа қуаттары қосылмақ. Бұл әлеуетті жобалар 9 нысанды қамтиды. Оның ішінде бесеуі жел күшімен қуат өндірмек. Сонымен қатар, қос-қостан гидро және күн электр станциялары бар. Жалпы қуаты – 455,5 МВт болатын нысандардың ортақ инвестиция көлемі – 360 млн долларды құрайды. Сала мамандарының мәліметінше, бұл елімізде «жасыл» энергия көздерінің үлесін арттырып, көмірқышқыл газының шығындыларын азайтуға мүмкіндік береді. 2024 жылы Қазақстан жалпы қуаты 163 МВт болатын 8 жаңа жобаны іске қосты.


Жаслан Қасенов, ҚР Энергетика министрлігі Департаментінің директоры:


- Өткен жылы 163 МВт жаңа қуат көздері пайдалануға берілді. Биыл бұл көрсеткішті одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Яғни, 2025 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 450 МВт жаңартылатын энергия қуатын іске қосу көзделген. Біз былтыр Қытаймен Қазақстан аумағында жалпы қуаты 1,8 ГВт болатын ірі жобаларды іске асыру бойынша үкіметаралық келісімге қол қойдық. Сондай-ақ, Жамбыл облысында ірі жел электр станциясын салу бойынша араб компанияларымен инвестициялық келісім жасалды.

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамыту қарқыны бойынша Орталық Азияда көш бастап келеді. Жоспарға сай 2025 жылға қарай оның үлесін 6% жеткізу көзделген болатын. Алайда бұл көрсеткіш межеден асып, 7% жуықтады. Сарапшылар мұндай қарқынмен еліміздің 2030 жылға дейін болжанған 15% және 2050 жылға қарай 50% деңгейден асуға әлеуеті әбден жетеді деп санайды. Айта кетейік, салалық министрліктің дерегінше, бүгінде республикада 153 баламалы энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 62 – жел, 46 – күн, 4 – су және 3-і – биогаз станциялары.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?