Торғай геоглифтерінің құпиясын жақын арада қазақстандық ғалымдар ашуы
мүмкін. Бұл бірегей тарихи олжаны 2007-ші жылы әуесқой археолог Дмитрий Дей Google
картасында ашқаны мәлім. Отандық зерттеуші енді ерекше геометриялық үлгілерге OSL
әдісі арқылы талдау жүргізуге ниетті. Бұл тың тәсіл топырақ пен саздан жасалған
бірегей өрнектердің жасын анықтауға мүмкіндік береді. Оның айтуынша, көне
құрылыстар неолит дәуірінде күн обсерваториясы ретінде пайдаланылуы мүмкін.
Олардың көмегімен аңшылар киіктердің табиғи көші-қонына бақылау жасаған боуы
керек.
Дмитрий Дей, Turgay Discovery ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі:
- Бізге OSL-талдау арқылы олардың қай кезеңге жататынын анықтау керек. Яғни, нақты салынған уақытын көреміз. Орта есеппен 8 мың жыл бұрын пайда болуы мүмкін деген болжам бар. Біз бұның нақты ғылыми негіздемесін жасауымыз керек. Осы тұжырымды дәлелдеу үшін арнайы талдау зертханасын таптық. Осылайша, келер жылы олардың нақты салынған кезеңін білетін боламыз.
Бүгінде Дмитрий Дей геоглифтер жайында деректі фильм түсіруге кіріскен.
Онда Қазақстанның солтүстігінде осы құпияға толы жәдігерді кім және қашан
салғаны және тарихи мән-маңызы ашылмақ. Екі жылдан соң «Уақыт пазлы» фильмінің
түсаукесерін өткізу көзделіп отыр.

