2022 жылдың айтулы оқиғаларының бірі – Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада. Қытай астанасында бой көтеретін Олимпиада ауылы спортшыларды қабылдауға сақадай сай. Шаһардың орталық ауданында салынған қонақүйдің маңында спорт кешендері орналасқан. Ұйымдастырушылар қатерлі індетке қарсы қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге басымдық берген.
Ли Бинь, Бейжіңдегі Олимпиада ауылы қонақтарына қызмет көрсету бойынша менеджер:
- Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындары кезінде бөлмелерді желдету үшін кондиционер немесе сыртқы ауа айналымын қамтамасыз ететін арнайы жүйені пайдалануға болады.
Цюй Сунмин, Бейжіңдегі Олимпиада ауылының сауда залы менеджері:
- Бізде жылдам тамақтануға арналған бірнеше мейрамхана мен дәмхана, тәулік бойы жұмыс істейтін дүкендер, химиялық тазалау және шаштараз қызметі бар. Қытайдың ұлттық мәдениетінен сыр шертетін көрмелер ұйымдастырылады.
Пандемияға байланысты әлем жанкүйерлері алдағы Бейжің Олимпиадасына турист болып бара алмайды. Қытайдағы қысқы ойындар жергілікті жұрттың тамашалауымен ғана өтеді. Дегенмен жаһандық спорт бәйгесіне төрткүл дүние көгілдір экран арқылы тек қашықтан көз тігеді. Қазақстандық жанкүйерлер де отандық спортшыларды жанын шүберекке түйіп қолдауға дайын отыр. Елдің намысын арқалайтын сайыпқырандарымыз дүбірлі додаға қамданып, қазір қызу дайындық үстінде. Негізгі тартыстар басталғанша спортшылар жаттығуды елде өткізеді. Жарысқа аттанбас бұрын бақылау сындары ұйымдастырылады. Олимпиадаға жолдама алған Ұлттық құрама тізімі ресми түрде қаңтар айында белгілі болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов