Ұлттық архив қоры жеті мың құнды құжатпен толықты

Кенесары ханның Ресей патшалығына жазған хаттары, елден жырақта жүріп жақтастарымен алмасқан Мұстафа Шоқайдың хаттары. Көптің көзінен таса болған осы және өзгеде құнды деректер «Отанына оралған құжаттық қазына» атты жинаққа еніп отыр. Екі томдық еңбекте кезінде жат жерде қалып еш жерде жарияланбаған қазақ ақындарының өлең-жырлары, халқымыздың өткенінен сыр шертетін фотосуреттер де басылған. Бас аяғы жүзден астам тарихи құжат Ресей, Түркия, Татарстан, Румыния, Чехия, Польша елдерінің мұрағаттарынан табылған. Ескі жазбалардың көне шағатай, латын және шет тілдердегі тұпнұсқасымен қатар қазақ тіліндегі транскрипциясы берілген.

Әбуасқар Мекешұлы, ҚР Ұлттық архивінің жариялау және баспа бөлімінің басшысы:

Биыл «Архив-20-25» кешенді бағдарламасы бойынша көптеген елдерге бардық. Тек қана ұлттық архивтің ғана қызметкерлері емес, еліміздің барлық архивтерінің қызметкерлері көптеген шетелдерге барып ұлттық қорымызға үлкен олжа алып келді деп айтуға болады. Енді оларды зерттеп-зерделеп бастарын құрап келесі жылдары үшінші, төртінші томдарға шығаруды жоспарлап отырмыз. 

Ахмет Байтұрсыновқа қатысты шет елдерде мұрағатталған тың деректер де оқырманға жол тартты. Елордада алаш арысының 12 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Онда тұңғыш рет Ахмет Байтұрсыновтың бүгінге дейін мәлім еңбектері түгел қамтылып, хронологиялық тәртіпке келтірілген. Сондай-ақ, шетелдік және отандық мұрағат қорларынан табылған жаңа дерек көздерімен толықтырылды. Бұл жинақтада архив материалдары мен төте жазумен сақталған еңбектерінің түпнұсқасы берілген.

Сұлтан Хан Аққұлы, жинақ авторларының бірі, алаштанушы:

Негізі бұл 12 томдыққа Ахаңның бұрын ешбір жинақта жарық көрмеген дүниелері кірді. Мысалы шаруашылық өзгерісі деген еңбегі. Ол өзіміздің орталық мұрағатта, оның ішінде Алматы қаласының кітапханасы қорында қолжазба күйінде сақталған нұсқасы беріліп отыр. Қазіргі Қостанай облысы мұрағатынан «Троғай газеті» деген басылымнан Ахаңның бұрын-соңды біз білмеген 1895-1896 жылдары жарық көрген бірен-сараң мақаласы, сондай-ақ 1917 жылы Мыржақып Дулатұлы екеуінің Әліби Жангелдиннің Алаш Қайраткерлеріне жала жауып жазған хатына қайтарған жауабы бар «Наш ответ» деген мақаласы жарық көріп отыр.