Елордадан шықпай-ақ, еліміздің ең көрікті жерлеріне саяхаттау. Жақын арада Нұр-Сұлтан қаласында осыған мүмкіндік беретін «ұшатын театр» ашылады. Бірегей нысан заманауи технологиялардың көмегімен адамға қанат бітіріп, аспанда қалықтап жүргендей әсер қалдырады. Жоба авторларының айтуынша, қиял-ғажайып орталығына келген жан бас шаһар мен еліміздің теңдесі жоқ кейпін биіктен тамашалай алады. Адамды көкке самғататын ерекше театр жыл соңына дейін қолданысқа берілмек.
Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқармасының төрағасы:
- Онда 6К форматындағы үлкен экран болады. Сонымен қатар 20-ға жуық орындық болады және олар бірінің үстіне бірі вертикалды түрде орналасады. Адамдар сол орындықтарда отырып, қалықтап, кәдімгідей экранға қарап, өздері ұшып жатқандай әсерде болады.
Сондай-ақ жақын арада елорданы алақандағыдай көрсететін тағы бір нысан бой түзейді. Қаладағы аспанмен таласқан зәулім кешендердің бірінде биіктігі 310 метр болатын «қарау алаңы» құрылады. Шаһардың 360 градустық панарамалық көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін жоба Орталық Азиядағы ең биік «байқау алаңы» болмақ.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов