Қазақстанда 12 мың шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Қазақстанда 12 мың шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде

Қазақстанда биыл 12 мың шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Атап айтатын ірі жобалар – «Астана-Балқаш-Алматы», «Талдықорған-Өскемен», «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Атырау-Астрахань» бағыттары. Десе де, салалық ведомство облыстық және аудандық маңызы бар ірі жобалар да назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Енді біз биыл жаңа бағдарлама бастадық. Орташа жөндеумен, көптен бері көңіл бөлінбеген, 15-20 жыл мүлдем жөндеу жұмысы жүргізілмеген жолдарды толығымен қолға алып, орташа жөндеу жұмыстарын бастадық. Оның ішінде биыл 2,2 мың шақырым жолдарда жұмыс басталды.

Сонымен қатар, биыл екі ірі жоба аяқталып, халық игілігіне берілмек. Мәселен, Жамбыл және Түркістан облыстарын жалғайтын Шақпақ баба асуында еліміздегі алғашқы тоннель құрылысы аяқталады. Көптен күткен жобалардың бірі: Шығыс-Қазақстан облысындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы екі ауданды байланыстыратын көпір. Халық оның игілігін жыл соңынан бастап көре алады және ол Қазақстан аумағындағы ең ұзын аспа жол болады. Дәлірек айтсақ, 1316 метр.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

-Оның бір жағы Марқакөлге, туристік нысанға алып баратын ең қысқа жол болады. Қазір халық ол жақта пароммен өтіп жатыр. Айналма жолмен өтіп жатыр.