Қазақстандық бітімгерлердің екінші ротасы Голан биіктігіне аттанады

Қазақстандық бітімгерлердің екінші ротасы 2025 жылдың наурызында Голан биіктігіне аттанады. Онда олар отандық әскери қызметкерлердің бірінші тобын ауыстырады. 

Айта кетейік, жақында қазақстандық бітімгерлік контингенттің 1-ротасы Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақта орналасқанына 100 күн толғанын атап өтті. Бүгінде мұнда 139 адам қызмет етеді. Оның құрамында штабтық офицерлер, арнайы бөлімшелердің әскери қызметшілері, бақылаушылар, дәрігерлер бар. Бітімгерлер қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындайды. 

Сухраб Аппазов, қазақстандық бітімгерлік контингенті командирінің орынбасары:

– Миссия басшысының резервтік ротасы бола отырып, біздің бітімгершілер келесі тапсырамаларды орындайды. Бұл – патрульдеу, әскер бақылау посттарын күшейту, әскери қызметкерлер, яғни БҰҰ әскери қызметкерлерін эвакуациялау, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, медициналық көмек көрсету және де бітімгершілік базасын қорғау. Миссия мандатына сәйкес қойылған міндеттерін тиімді орындау үшін барлық қажетті заттармен және басқа да тылдық жабдықтармен, мүлікпен қамтамасыз етіледі. 

Голан биіктіктеріндегі қазақстандық «көк бөріктілер» арасында қыздар да бар. БҰҰ талабы бойынша олар кез келген елдің бітімгерлік миссияларына қатысады.

Динара Жауарова, қазақстандық бітімгерлік контингенттің медициналық пунктінің медбикесі  

– Әйел адамдарға қызмет атқару қиын емес. Өйткені біз моральды және психологиялық тұрғыдан дайын болдық. Сонымен қатар, бітіргершілік даярлықтан өтіп, бұл жерде практикалық түрде орындап жатырмыз. Бұл менің бітімгерлік миссияға бірінші рет шығуым. Және де бірінші жауынгерлік тәжірибе алуым десек те болады.

Айта кетейік, Таяу Шығыс – қазақстандық бітімгерлер қызмет атқаратын әлем картасындағы жалғыз нүкте емес. Қазір біздің әскери қызметшілер Ливан, Батыс Сахара, Орталық Африка Республикасы және Конго Демократиялық Республикасындағы миссияларға қатысуда.