Қазақстандық биологтар Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді клондайды

Мамықсыз терек. Елордадағы Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары қазақстандық Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді микроклоналды түрде көбейтудің бірегей технологиясын қолданады. Арнайы зертхананың биологтары ағаштың мамық шығармайтын сұрыптарын шығарумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Бұған қоса, жасанды әдіске қарамастан, теректердің табиғи қасиеттері жойылмайды және ауаны зиянды шығарындылардан тазарту қабілетінен арылмайды. Қазіргі таңда мұндай көшеттер елорда көшелеріне көптеп отырғызылады.

Алмагүл Кәкімжанова, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК Биотехнология және өсімдіктер селекциясы зертханасының меңгерушісі:

– Нәтижесінде гибридті теректер шығарылды. Боз терек пен ақ теректі будандастырған кезде алынған аталық үлгілері мамық түзбейді. Демек аллергиясы бар адамдарға еш қауіп төндірмейді. Сондай-ақ бізде Тунберг және Іле бөріқарақаты да бар. Соңғысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Недзвецкий, Сиверс алма ағашы мен Жабысқақ қандыағаш та кездеседі. Қазіргі уақытта он түрлі өсімдікті шығару  технологиясын әзірледік.

Көшеттерді жерге отырғызудан бұрын өсімдіктер арнайы қоректік ортасы бар стерильді түтіктерге орналастырылады. Олар дәрумендермен, гормондармен, микро және макроэлементтермен байытылады. Сондықтан да бұл өсімдердің бойында бірден бірнеше артықшылық болады.

Алмагүл Кәкімжанова, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК Биотехнология және өсімдіктер селекциясы зертханасының меңгерушісі:

– Бірінші артықшылық – бұл материалды біз Солтүстік Қазақстанда, Орталық Қазақстанда өсетін, бейімделген, біздің климаттық жағдайларда өсетін аналық өсімдіктен алып көбейтеміз.  Ал Еуропадан негізінен бұл жағдайларда өспейтін өсімдік материалы әкелінеді. Сондықтан ол көбіне сіңіп, тамыр жайып, өсіп кете бермейді. Сол себепті осында өсетін материалды алып, көбірек көлемде көбейтеміз. Және тағы бір артықшылық ол өз өнімімізді көбейтіп жатқандығымызда.

Айдана Нұртаза, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК ғылыми қызметкері:

– Белсенді фотосинтез үшін қолайлы жағдай жасау маңызды. Өте ыстық температура өсімдіктерге тиімсіз. Ал қатты суық болса, өсуі баяулайды. Сондықтан ең оңтайлысы - 24-26 градус. Жарықтың түсуі де маңызды, өйткені олар зертханалық жағдайда өсіп жатыр.

Микроматериалдың үлкен бір ағашқа айналуына шамамен бір жарым, тіпті екі жыл уақыт кетеді. Биологтар әрбір өсімдікке күтім жасап, қамқорлық көрсетеді. Сондықтан да олар ағаштарты өз балаларындай жақын көреді. Отандық мамандар соңғы үш жылда осындай тың тәсілмен 6,5 мыңға жуық тал-терекке өмір сыйлап, өсіріп шығарды.

 

Автор: Ақзер Сегізбай