Қазақстандық «Алтын дала» бастамасы «The Earthshot Prize» халықаралық беделді экологиялық премиясының «Табиғатты қорғау және қалпына келтіру» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Бұл Уильям ханзада ұсынған жүлде – жаһандағы табиғатты қалпына келтіру инновацияларына берілетін марапат. Аталған жүлде еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың тұтастығын сақтап, ақбөкен санын қалпына келтіру жолындағы ерен еңбегінің жемісі. Бүгінде ел аумағында киіктердің басы үш млн жуықтаған. Бұл ретте тағы бір айта кетерлік жайт, Қазақстан құлан, Пржевальский жылқысы, дала қыраны және өзге де сирек кездесетін түрлердің популяцияларын қалпына келтіру мен тұқымын сақтап қалу жұмыстарына белсене кіріскен. Жалпы бұл жобаны жүзеге асыру үшін 9 жарым млн доллар инвестиция тартылды.
Асқар Әбдірахманов, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі комитетінің басқарма басшысы:
- Бұл біздің еліміз үшін үлкен жетістік. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біздің барлық серіктестерімізді және Қазақстанды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын. Алда әлі де талай белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Бұл марапат тек ғаламшардың биоалуандығын қалпына келтірудегі Қазақстанның еңбегін әлемдік деңгейде мойындау ғана емес, ол біздің еліміздің әлемдік экологиялық проблемалардың белсенді және тиімді қатысушысы ретіндегі рөлін тағы да растайды. Алдымызда үлкен міндеттер тұр. Өйткені, «Алтын дала» бастамасы Қазақстанның бірегей дала экожүйелерін сақтау мен зерттеуге және жануарлар дүниесінің негізгі түрлерін қалпына келтіруге бағытталған.
Еске сала кетейік, бұл қазақстандық табиғат қорғау бастамасының алғашқы марапаты емес. 2022 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымында да ерекше аталып өткен. Ол Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау бағытында үздік жоба деп танылды.
Жеңіс Ермұқанов