Құрылыс индустриясындағы инновациялар. Қазақстан бұл салада өткен жылдан еуропалық нормаларды қолдануға толықтай көшті. Бұл дегенің енді еліміздегі бар құрылыс нысандары еурокодтар, яғни еуропалық техникалық стандарттар негізінде жобалануы тиіс.
Мамандардың айтуынша, осы жаңа талаптарға көшудің нәтижесінде елімізде 500-ден астам құрылыс регламенті жойылған. Есесіне жобалау ұйымдарына қойылатын талаптар күшейді. Бұл ережелер ең алдымен осы секторға инвестиция тартып, озық инновациялық жобаларды ендіруге мүмкіндік ашады. Отандық компаниялар еурокодтар бойынша жұмыс жасайтын шетел нарығына шыға алады. Бүгінгі таңда олар әлемнің 45-тен астам елінде қолданылады.
Енді бір артықшылығы тек заманауи құрылыс материалдары мен технологияны пайдалану салынған ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігі артып, сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ал отандық құрылысшылар бәсекеге қабілетті болып халықаралық аренада беделі артады. Өзге ТМД елдерімен тәжірибе бөлісетін деңгейге жетеді дейді, мамандар. Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты еурокодтарға көшудің жауапты операторы болды.
ЕРАЛЫ ШОҚБАРОВ, ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ҚАЗҚСҒЗИ ӨНДІРІС ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
- Қазақстанда жоба құру барысында кез келген жобалық ұйым, мейлі ол еуропалық, француздық, италиялық немесе германиялық компания болуы мүмкін, олардың бәріне бірдей қойылатын ортақ талап бар. Ол – құрылыс барысында біздің ұлттық ерекшеліктерімізді ескеру. Жергілікті ауа райы, жел, жауын-шашын, қар, сейсмика көрсеткіштері есепке алынуы тиіс. Еуропалық базалық нормативтерді ендіру барысында тек Қазақстандық қана емес, жалпы әлемдік тәжірибе негізге алынатын болады. Бұл орайда тек жергілікті сейсмикалық ерекшеліктермен қатар, халықаралық талаптарға сай темірбетон, метал сынды заманауи материалдар қолданылатын биотехникалық жобалау жасалады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов