Елордада Astana Hub IT-стартаптар орталығы технопарктің цифрлық нұсқасының тұсаукесерін өткізді. «Бұл құралдың басты артықшылығы кешенділігінде», – дейді мамандар. Яғни бір платформада барлық қажетті құрал мен қатысушы шоғырланған. Мұнда бағдарламаларға қатысуға өтінімдерді қабылдаудан бастап, салықтық және визалық преференциялар алатын технопарк резиденттері үшін онлайн есептілікті толтыруға дейінгі барлық ірі және ұсақ процесс автоматтандырылған. Шара барысында сөз алған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Hub-тың алдағы жоспарлы жұмыстарының негізгі бағыттарын айтып өтті.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Өңірлік Hub-тарға баса назар аудару керек. Яғни Astana Hub тек елордада ғана емес, стартаптарды акселирлеу мен инкубациялаумен айналысуы тиіс. Акселирлеу мен инкубациялауды қолдауы керек. Айтып өтерлігі, өткен жылдан бері Hub бұл іспен жақсы айналысып келді. Ал биыл бұл істі күшейте түседі. Сондай-ақ экспортқа бағытты бұрамыз. Білетіндеріңіздей, бізде IT-индустриядан 2025 жылға қарай 500 млн доллар экспорттық түсім алу міндеті тұр. Сондықтан Astana Hub толығымен экспорттық әлеуетке бағдарланатын болады. Біз биылғы жылы Халықаралық акселерациялық алаңдар мен венчурлық капиталистермен ынтымақтасу жағына қарай бағытты бұратын боламыз.
Осылайша жергілікті стартаптарға шетелдік нарыққа шығуға мүмкіндік ашылмақ.
Айта кетейік, Astana Hub IT-стартаптар орталығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған ұйым.
Авторы: Ақзер Сегізбай