Қазақстан
Еуропаға бал жеткізетін болды. Отандық компаниялардың бірі ресми түрде сапа
стандарттарына ие болып, Еуропалық Одақ тізіміне енді. Сарапшылардың айтуынша,
бұл Шығыс Қазақстан облысының өндірушісі үшін тарихи оқиға. Кәсіпорын өндіріс
ошағын аталған одақтың ветеринариялық-санитариялық стандарттарына толығымен
бейімдеген. Енді компания өз өнімдерін Германия, Франция, Ирландия, Греция
секілді Еуропаның 25 мемлекеті мен Балтық жағалауы елдеріне тасымалдай алады.
Қызғалдақ Жұбатқанова, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау
комитетінің басқарма басшысы:
- «Бұл - Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің көп жылдық жүйелі жұмысының нәтижесі. Іс-шаралар 3 жыл бойы жүргізілді. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аталған комитет Еуропалық Одаққа өнім экспорттай алатын қазақстандық компаниялардың санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр».
Айта кетейік,
2025 жылы Қазақстанда 5 мың тоннаға дейін бал өндіру жоспарланып отыр. Отандық өнім - табиғи және құрамында консерванттар жоқ. Ал, бұл өзге нарықтарға тауар өткізу кезіндегі
негізгі басымдық.

