Қазақстан мен Аустрияның тауар айналымы 300 млн доллардан асты

Қазақстан мен Аустрияның тауар айналымы 300 млн доллардан асты

Қазақстан мен Аустрия ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Тау-кен өнеркәсібі, инфрақұрылым, туризм және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылға басымдық берілмек. Бұл туралы Астанада өткен келіссөздер барысында екі елдің сыртқы істер министрлері айтты. Ермек Көшербаев пен Беате Майнл-Райзингер көлік-логистикалық серіктестікті кеңейтуге, соның ішінде Орта дәлізді дамытуға және «Global Gateway» бастамасына қатысуға тоқталды. Бұл бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Министрлер сондай-ақ екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтті. Айта кетейік, Қазақстан мен Аустрия 30 жыл бұрын дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Біздің елімізде 400-ге жуық аустриялық компания жұмыс істейді және бірқатар бірлескен кәсіпорындар бар. Өткен жылы мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 300 млн доллардан асты. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына Аустриядан тартылған тікелей инвестициялар көлемі 3 млрд доллардан асты.

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық санқырлы байланыстарымыздың негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. Осы саладағы әріптестігімізді дамытуға серпін беретін негізгі тетіктеріміз Үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің қызметтері белсенді жалғасуда.

Беате Майнль-Райзингер, Аустрия Республикасының Еуропа және халықаралық істер жөніндегі федералдық министрі:

- Біздің елдеріміздің мүдделері мен көптеген түйісу нүктелері ортақ. Бұл алдағы ынтымақтастық үшін жақсы негіз. Дипломатиялық паспорттардың иелері үшін визалық жеңілдіктер туралы келісімді және реадмиссия саласындағы өзара іс-қимыл тәрізді, қол жеткізілген уағдаластықтарымыз бар екенін айта аламын. Біз үшін энергетикадағы ынтымақтастықтың маңызын ерекше атап өткім келеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?