Шетелде туристік мақсатпен немесе басқа да себептермен қалып қойған қазақстандықтардың саны 7 мыңнан асады. Бұған дейін еліміздің бірнеше өңірінде елдегі ахуалға байланысты ішкі және сыртқы рейстерді қабылдау уақытша тоқтатылғаны белгілі болған еді. Бүгінде авиакомпаниялар ішкі және халықаралық байланыстарды біртіндеп қалпына келтіруде. Алайда Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты отандастарымыз өзге мемлекеттерде әлі де тұрақтап қалуға мәжбүр. 5-ші қаңтар күні Ыстамбұлдан елге оралуы тиіс отандасымызбен тілдесіп, мән-жайды білдік.
Бану Тәжібек, Қазақстан азаматы /Ыстамбұл/:
- Түрік әуекомпаниясы елдегі ахуалға байланысты мән-жайды түсіндіріп, бір күнге қонақүйге орналастыратындықтарын, алайда барлығы реттелмесе әрі қарай жауап бермейтіндіктерін айтты. 12 қаңтар күні әуекомпания ең жақын деген рейстерге қайта брон жасады. Кейін өзіміздің консулдыққа хабарластық, оларда өкінішке қарай ешқандай ақпарат болмады. «Қандай да бір шешім қабылданған болса тек ресми сайттан біле аласыздар, сіздер сияқты адам көп», - деді консулдық. Қаңтар айының 12-іне дейін бағымызға орай, Ыстамбұлдағы туысымыздың үйіне келдік.
Айта кетейік, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» жолаушылар ақпарат алу үшін арнайы жедел желіні іске қосты. Онда рейстердің мәртебесі, олардың шегерілуі және билеттерді қайтару жөнінде кеңес беріледі. Call-орталық тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді.
Сондай-ақ Алматы әуежайы бүгін 21-00-ге дейін жұмыс істемейтінін айта кеткен жөн.