5 маусымда өтетін референдумға байланысты әлемнің әр түкпірінде сайлау учаскелері дайындықтарын бастады. Германияда 2 сайлау учаскесі ашылады. Оның бірі Берлиндегі Қазақстан елшілігінде болса, екіншісі Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдықта. Консулдық бөлімінің қызметкерлері осы елге келген соң тіркелген барлық қазақстандық азаматтарға референдум туралы елшіліктің ресми сайты және әлеуметтік желілері арқылы ақпарат берді. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7-де ашылып, кешкі сағат 20.00-де жабылады
Шолпан Шынасылова, №247-ШІ сайлау учаскесі Комиссиясының Төрағасы:
– Германияда жүріп жүрген Қазақстанның 18 жасқа толған және белсенді сайлау құқығына ие азаматтар қатыса алады. Біз ауқымды жұмыс өткіздік. Осыған байланысты, қазіргі тізімде бізде екі жүзден аса мүмкін үш жүзге баратындай Қазақстан азаматтары тіркелген. Солар енді жексенбі күні келіп, өз дауыстарын береді деп ойлаймыз.
Сондай-ақ, 5-ші маусым күні Қытайдағы отандастарымыз да азаматтық ұстанымын білдіре алады. Сайлау учаскесі Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен таңғы 5-тен кешкі 6-ға дейін ашық болады. Дауыс берушілерге тиісті ақпарат Қазақстанның Шанхай мен Гонконгтағы Елшілігі мен бас консулдықтарының сайттары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған. Референдум барысын бақылау үшін ел астанасына Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы бақылаушыларының миссиясы келеді. Қазіргі уақытта аспан асты елінде коронавирустың таралуы жоғары. Осыған байланысты дипломатиялық өкілдік азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдайды. Айта кетейік, індетке байланысты азаматтардың бәрі референдумға қатыса алмайды. Карантин аумағындағылар мен локдаунға жабылған университеттердің студенттері бұл шараны өткізіп алуы мүмкін.
Нұрлан Аққошқаров, ШЫҰ Хатшылығы жанындағы тұрақты өкілі, ҚР-дың ҚХР-дағы елшілігінің жанындағы #257 Сайлау учаскесі Комиссиясының Төрағасы:
– Қытайда оқып жүрген оқушылардың Қазақстанға қайтуына байланысты, біздің сыртта Қытайда жүрген азаматтардың саны күрт төмендеді. Биыл біздің санауымыз бойынша, біздің 257 учаскесінің 95 азамат тіркелген. Шанхайда 25 азамат, Гонконгта 36 азамат тіркелген. Жалпы олар бойынша біз Орталық сайлау комиссиясының регламентіне сай, оларды ақпараттандыру және осы учаске бойынша ақпаратты 10 күн бұрын біз оларға мәлімдедік.