Қазақстан кинотеатрларында Голливуд фильмдері көрсетілмеуі мүмкін. Ресейге қатысты енгізілген санкциялардан кейін бұл мәселе отандық дистрибьюторлар мен кинокөрерменді мазалағаны анық. Дегенмен бірнеше күн бұрын еліміздің бас киностудиясы «Қазақфильм» әлемдік премьераларды дыбыстауға дайын екенін мәлімдеді. Ол үшін техникалық мүмкіндіктер де, кәсіби дубляж актерлері де жеткілікті. Алайда бұл – қымбат процесс. Сондықтан ол қаншалық өтеледі? Мамандарды осы мәселе толғандырады.
Айдар Баталов, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының өндіріс бойынша вице-президенті:
- Стандарт бойынша бір фильмді дубляждау субтитрлеуге қарағанда қымбат. «Қазақша субтитрден бастасақ» деген ұсыныс болды. Алдағы уақытта бұл фильмдер бізге беріліп жатса, дубляждан бұрын субтитрді қолға алған жөн. Неге? Түсіндіріп көрейін. Біріншіден, дубляждан қарағанда әлдеқайда арзан. Фильм ағылшын тілінде түпнұсқада жүрсе, субтитр қазақ тілінде болады. Бұл көрермендердің тезірек ағылшын тілін меңгеріп алуына да сеп болмақ.
Бір фильмде ғана әлемдік киножұлдыздарды қазақша сөйлету үшін шамамен 100 мың доллар қажет. Алайда дубляждың қымбаттығы Голливуд премьераларының прокатына кері әсер ететін жалғыз қауіп емес. АҚШ-тың ең ірі студияларымен келіссөздер жүргізу керектігін ұмытпау қажет.
Айдар Баталов, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» студиясының өндіріс бойынша вице-президенті:
- Бізге тікелей келісім немесе аймақтық дистрибьютор арқылы 30-50 фильм берілсе. Дегенмен күдік те бар, себебі біздің нарық үлкен емес.
Енді жағдайдың қалай өрбитінін күту керек. Мүмкіндік ашылып жатса, артықшылықтары айтпаса да түсінікті. Отандық киноиндустрияның дамуында ірі серпіліс болары анық. Биылдың өзінде «Қазақфильм» кең прокатқа 5 жаңа фильм дайындаған. Оның үшеуі – драма, екеуі – комедия және бір тарихи фильм бар.
Авторы: Әсел Күшенғалиева