Әлемді таңғалдырған адай жылқысы ұлттық бренд, сондай-ақ, жеке тұқым мәртебесін алуы мүмкін. Шөлге ерекше шыдамды, алыс жолға төзімді арғымақтар ресми мәртебе алу үшін халықаралық жарыста сыналады. Осы мақсатта Маңғыстауда 100 шақырымдық ұзақ қашықтықта ат жарысынан халықаралық турнир өтеді. Аламан бәйгеде Біріккен Араб Әмірліктерінен арнайы келген төрешілер қазылық етеді. Мамандардың айтуынша, асылтұқымды қазақ жылқысы әлемдік жарыстарда олжа салып жүрген араб сәйгүліктерінен кем емес. Турнирге елімізден шашауына шаң жұқпас 30-дан аса жүйрік қатысада. Бәйге 4 кезеңнен тұрады. Шабандоздар бірнеше айналымда 30 және 20 шақырым қашықтықты еңсерулері керек. Әр айналымнан кейін тұлпарлардың жай-күйі қатаң тексеріледі. Айта кетейік, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке адай жылқысын ғылыми түрде асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырды. Қазір жеке тұқым ретінде сынақтан өтіп жатыр. Ол желтоқсан айының соңына дейін аяқталады.