Қазақстандық әскерилер хан мен батыр рөлдерінде тарихи реконструкция ұйымдастырды

Қазақстандық әскерилер қазақ хандары мен батырларының киімдерін киіп, ерекше театрландырылған қойылым көрсетті. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Жамбыл облысында орналасқан Гвардейский гарнизонындағы мерзімдік әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар Ұлыстың Ұлы күні – Наурызды осылай ерекше атап өтті. Әскери қызметшілер Керей мен Жәнібек Абылай және Тәуке хандар, сондай-ақ, Қарасай, Бөгенбай мен Қабанбай батырлардың рөлін сомдады. Ал, өздерінің образдарына толықтай ену үшін алматылық театрлардың бірінен шапан мен сауыт та алған.

Ислам Әшір, 21450 әскери бөліміндегі қатардағы жауынгер:

–Мен осындай үлкен концертте хан болып ойнап жатырмын. Мінекей, мен достарыммен бірге, мысалға, Шәмішев деген досым Керей ханды ойнап жатыр. Осының арқасында мен біздің тарихымызды біліп қалдым.

Мақсат Бақтұрсынов, 12740 әскери бөліміндегі қатардағы жауынгер:

– Біздің күнделікті киіп жүрген формаларымызды емес, бұрынғы ата-бабаларымыз киген киімді киіп көру расымен керемет. Ерекше әсер сыйлады. Олардың қалай жүргенінің өзі қызық. Айнаға қарап, өзімді басқа адамдай сезіндім.

Айта кетер жайт, театрландырылған қойылымға Наурызнама онкүндігінің барлық 10 күніндегі шаралар кіргізілді. Әскери борышын өтеушілер қазақ халқының түрлі салт-дәстүр мен жоралғыларын көрсетіп, ұлттық киімдерді де жеке көрсетті.