Tax Free пилоттық жобасы енді 2024 жылдың соңына дейін жұмыс істейді. Еліміздің Қаржы министрлігінің мәліметінше, қатысушылардың географиясы кеңеюімен қатар олардың саны да артқан. «Tax Free» бағдарламасына еліміздің 3 қаласы, атап айтқанда Астана, Алматы және Түркістан қатысуда. Енді бұл қатарға Шымкент шаһары да қосылды.
Думан Кансеитов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті ққс әкімшілендіру басқармасы басшысының орынбасары:
- 2019 жылдан бастап пилоттық жоба тек Алматы қаласында жүзеге асырылған. Былтырдан бастап Астана мен Түркістан қалалары да қосылды. Сондай-ақ, қала әкімдігінің бастамасымен Шымкент те биылдан бастап пилоттық жобаға енгізілді. Өйткені жоба республиканың туризмді дамытудағы ең маңызды бастамасы болып табылады. Сонымен қатар туристер ағынының жыл сайынғы өсімін көрсетеді. Жоба жүзеге асырылғалы бері шетелдік туристер 500 миллион теңгеден астам тауар сатып алып, 40 миллион теңгеден астам қосымша құн салығын қайтарды. Оны 40-тан астам елден келген турист пайдаланды.