«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті

Алматылықтар мен мегаполис қонақтары көшпенділердің бай мәдениетімен таныса алды. Алматыда «Ұлы дала – көшпенділер әлемі» халықаралық этнофестивалі өтті. «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде қаз-қатар тігілген қазақы нақыштағы ақшаңқан үйлер шараның шырайын ашып, ауыздығымен алысқан арғымақтар рух мерекесінің ажарын арттыра түсті. Шараға мұрындық болған Алматы қаласы әкімдігі көне заманның төл атмосферасын қайта жаңғырта білді. 2 күн бойы 10 мыңнан астам қонақ Ұлы Дала көшпелілері әлеміне еніп, қазақ асханасының ұмытылып бара жатқан тағамдарынан дәм татып, ұлттық құндылықтарымыздың діңгегі саналатын  көкпар, аударыспақ, қыз қуу, асауға тұсау салу дәстүрін тамашалады. Фестивальде 10-нан астам елдің үздік этномузыканттары мен спортшылары өнер көрсетті.