Ресейде жасөспірімдерге коронавирусқа екпе салу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Иммундау шарасы 12 мен 17 жас аралығындағы балаларды қамтиды. Ел аймақтарына коронавирусқа қарсы препараттың алғашқы партиясы 3 апта бұрын жеткізілген. Ресей денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өткен аптада 40 мыңнан астам жасөспірім екпе алды.
Айта кетейік, жеткіншектерге «Sputnik M» вакцинасы салынып жатыр. Бұл кәдімгі «Sputnik V»-дің құрамдас бөлігі, тек 5 есе сұйытылған. Бұл препарат та екі компоненттен тұрады. 15 жасқа толмаған балалар вакцина алмас бұрын ата-анасының келісімі талап етіледі. Соңғы 2 аптада Ресейде омикрон штамы қатты өршіп кетті. Елде 1 күнде 180 мың жаңа жағдай тіркелді.
Людмила Кирсанова, амбулатория бөлімінің басшысы:
- Әрине, қоңырау көп түсіп жатыр. Вакцина салдыруға ниеттілер көп. Тек кезек болмас үшін алдын ала жазылу керек.
- Ауырмас үшін вакцина салдыру туралы шешім қабылдадым. Анам қолдады.