Қазақстандағы жоғары оқу орындарында жасанды интеллект курсы оқытыла бастайды. Жоспарда келесі жылдан бастап жаңа пән оқу бағдарламасына енгізіліп, міндетті болады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, болашақ мамандар арасында дәл осындай білімге сұраныс арта түседі. Яғни жасанды интеллектіні меңгерген маман иесі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болады. Бейінді ведомство сонымен қатар бұл отандық оқыту әзірлемесі екенін, сондай-ақ мұндай пән әлемнің бірде-бір университетінде оқытылмағанын айтты. Бүгінде стратегиялық құжаттар да жаңа мамандардың пайда болуының өзектілігін көрсетеді. Айта кетейік, жасанды интеллектіні енгізу 2023-2025 жылдарға арналған энергия тиімділігі мен газды ұқыпты тұтыну жоспарында да көрсетілген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, халықтың газды қаншалықты тұтынғанын толыққанды жасанды интеллект анықтайды. Кейін оны әскери қызмет жүйесіне енгізу де көзделуде.