Опера ариялары, әуезді де әуенді әндер, авторлық кино және мұражай көрмелері. Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері өтуде. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған бағдарлама шымылдығы отандық киноөндірістің тың туындыларымен түрілді. Тарихи мұра, ұлттық болмыс пен құндылықтарымыздан сыр шертетін танымдық фильмдер көрсетілімі Бішкектегі «Манас» кинотеатрының қабырғасында өтті.
Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі:
- Біз бауырлас елміз. Қазақ және қырғыз халқына бір-бірінен жақын халық жоқ деп айтуға болады. Бізге бір-бірімізді түсіну үшін аудармашы қажет емес. Себебі тіліміз ұқсас, біздің тарихымыз, дініміз, дәстүрлеріміз де ортақ. Еліміздің тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында халқымыздың бірлігін нығайтатын, достыққа үндейтін осы текті шаралар көбірек болсын деп тілеймін.
Қырғызстандағы Қазақстан мәдениеті күндерінің ресми ашылу салтанатына орай ұлттық филармония қабырғасында гала-концерт ұйымдастырылды. Қырғыз жұрты қазақстандық сахна саңлақтарының шығармашылығымен жақын таныс. Сондықтан сүйікті әндерін қосыла шырқап, жылы лебіздерін білдірді. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров мәдени кештің құрметті қонағы болды.
Қайрат Иманалиев, Қырғызстан Республикасының Мәдениет министрі:
- Бізге Қазақстанның 400-ге жуық мәдениет қайраткері келді. Олар: әншілер, музыканттар, театр және кино актерлері, тарихшылар мен суретшілер. Барлық құрметті қонақтарымызды қуана қарсы алдық. Біз үшін бұл – өте үлкен әрі маңызды оқиға, өйткені мәдениет тек бүгінгі күнмен шектелмейді. Мәдени диалог тұрақты. Алда бірлескен концерттер, қойылымдар мен көрмелер өткізетін боламыз. Өйткені ортақ дүниелеріміз көп.
Асқақ өнерді бағалаушылар үшін Қырғыз Ұлттық академиялық опера және балет театрының залында Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театры әртістерінің орындауындағы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» опералық қойылымы өтеді. Сонымен қатар қырғыз ұлттық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстанның орталық мемлекеттік музейінің 70-тен астам бірегей жәдігері, сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің қорындағы үздік суреттер топтамасы ұсынылады. Мұның бәрі – Ұлы дала өркениетін құрушы көшпенділердің тұрмыстық салтын барынша танытатын аса құнды тарихи және мәдени мұралар.