Қазақстанда интеграцияланған газ химиялық кешені салынады. Жаңа зауытта америкалық технологияның негізінде 22 жуық полиэтилен маркасын шығару жоспарланып отыр. Оның 40% премиум класста болады. Полиэтиленнің өнеркәсіптік және тұрмыстық мақсатта қолданылу аясы кең. Әлемде сұранысқа ие өнімді ТМД, Қытай, Түркия және Еуропа елдерінің нарықтарына экспорттау көзделуде.
Премьер-Министр Олжас Бектенов SINOPEC (синапэк) және «СИБУР» әлемдегі ірі мұнайгазхимиялық компанияларының басшыларымен кешеннің құрылысын талқылады. Еліміздің арнайы экономикалық аумағында бой түзейтін зауыттың құрылысын 2029 жылы аяқтау межеленген.
Сонымен қатар жоба аясында «Теңіз» кен орнында газ бөлу кешені мен магистралдық құбыр салу жоспарланған. Сарапшылардың есебінше, «Полиэтилен» жобасын іске асырудан 2030 жылға қарай елдің ЖІӨ-ге қосатын үлесі шамамен 1% асады деп бағалануда. Сондай-ақ отандық өндірістік саланы дамытуға тың серпін бермек.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Қазақстан экономикасында жоғары деңгейде өңдеу өндірісін құру басымдық болып табылады. Біз шикізат саудасын қайта жолға қоюымыз керек. Оны қолға алу міндетті. Біз қосылған құны жоғары технологиялық өндірістерге қызығушылық танытып отырмыз. Сондықтан осындай жобаларды барынша қолдаймыз. Солардың бірін атап өтсем, бұл – «Полиэтилен» жобасы. Бүгін сіздердің назарларыңызды бұл жобадағы жергілікті мазмұнға аударғым келеді. Мемлекет өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Біздің серіктестеріміз тарапынан жобадағы қазақстандық мазмұнға мұқият көңіл бөлінеді деген ойдамыз.