Астана-Бурабай бағытында жаңа электр пойызы іске қосылды. Енді солтүстік өңірдің інжу-маржаны, ең танымал туристік орындардың біріне 2,5 сағатта жетуге болады. Заманауи құрылғылармен жабдықталған пойыз халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Вагондарда Wi-Fi, экрандар және борттық тамақтануға қолжетімділік қарастырылған. Жайлылығы жоғары креслолар, ауа баптағыштар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кеңейтілген кабиналар, сондай-ақ автоматты сатылар мен қуаттандырғыштар да бар. Айта кетейік, жаңа электр пойызы ішкі туризмді дамыту мен көлік инфраструктурасы қызметін жақсарту мақсатында іске қосылды.
Нұрсұлтан Ибраев, «ҚТЖ» ҰК PR-менеджері:
– Электр
пойызы Петропавл қаласындағы отандық зауытта жасалған және барлық халықаралық
стандарттарға сәйкес келеді. Қызмет көрсету үш санатқа бөлінген. Электр пойызы аптасына
бес рет қатынайды. Құрамы 374 орынды алты вагоннан тұрады. Билеттердің құны
қызмет көрсету деңгейіне байланысты 3 мыңнан 6 мың теңгеге дейін болады.
Сондай-ақ, электр пойызының қозғалыс уақыты қоныстану және қонақ үйлерден шығу
уақытымен үйлестірілген.

