Сенат төрағасы елдегі мемлекеттік қорғаныс кәсіпорындарын жекешелендіру жөнінде пікір білдірді. Жоғары палата депутаттары осындай норма көзделген заң жобасын қарады. Мәулен Әшімбаев керісінше бұндай өндіріс ошақтарын қолдау үшін жаңа тетіктер қажет екенін баса айтты. Жалпы бұл құжат Ұлттық қауіпсіздік пен арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметке қатысты біршама өзгеріс енгізуге бағытталған. Сенаторлар заңның кейбір жекелеген баптарын мақұлдамады. Депутаттар адам құқығы мен бостандығын шектеу нормаларын Конституциялық Соттың нормативтік қаулысына сәйкестендіру, Қазақстан азаматтарына қатысты ерікті дактилоскопиялық тіркеуді енгізуді нақтылау сынды бірқатар толықтырулар енгізуді ұсынып, Мәжіліске кері қайтарды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бұл — ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Біз олар мемлекеттің меншігінде болуы керек деп санаймыз. Сол себепті осындай кәсіпорындарды қолдаудың бір жүйелі тетіктері керек екені анық. Сіздерге осы мәселені біздің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетімен бірге пысықтап, заң аясында қандай мүмкіндіктер бар, егер Заңға өзгерістер қажет болатын болса мемлекеттік кәсіпорындарды қолдау үшін. Онда ол жағында біз депутаттармен бірге қарастыруға дайынбыз.