Қазақстанда Ұлттық
цифрлық инвестициялық платформа пайда болады. Биыл жобаны іске қосудың алғашқы
кезеңі аяқталады деп күтілуде. Атап айтқанда, «Инвестиция тарту үшін бастама
беру» және «Жол картасын құру» секілді бизнес-жобалар автоматтандырылады. Бұл
тек қаражат тартуға ғана емес, инновациялардың дамуына, жұмыс орындарының пайда
болуына, жалпы, Қазақстан экономикасының өсуіне септігін тигізеді. Бұл туралы
елдің Сыртқы Істер Министрлігінің инвестиция жөніндегі Комитеті хабарлады.
Ведомство ақпаратына сүйенсек, тұғырнамада инвестиция саласындағы ережелер мен
ағымдағы жобалар туралы мәліметтер жарияланады. Бұл жүйенің іске қосылуы
инвесторларға жан-жақты көмек көрсету үшін және олардың мемлекеттік органдармен
оңай байланысып, Қазақстан экономикасына сүбелі үлес қосуына тиімді болмақ.
Айта кетсек, былтыр Қазақстанға салынған тікелей шетел инвестициялары 28
млрд долларға жеткен. Бұл – соңғы 10 жылда тіркелмеген көрсеткіш.