Қазақстанда тиімсіз арнайы экономикалық аймақтарды жауып, бірен-саран болса да тек табысты және әлеуеті бар аймақтарды қалдыру қажет. Жалпы мұндай аса ауқымды жобаларды жүзеге асыру барысында олардың ұзақ мерзімділігі мен ішкі экономика үшін қолайлылығын ескере отырып, кешенді тұрғыдан қарау керек. Еліміздегі әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Мағбат Спанов осындай пікірде. Оның сөзінше, жаппай арнайы экономикалық аймақтарды құру еліміздің қазынасы үшін тым қымбатқа түсіп жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл мәселеге ден қоюы орынды және уақтылы екенін айтады. Сарапшының пікірінше, осы аймақтарда жұмыс істейтін өндіріс ошақтарының өнімдері ең алдымен, елдің қажеттіліктерін жабуы керек. Кейін артылғанын шетелдік нарыққа шығаруы тиіс.
Мағбат Спанов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Мен Мемлекет басшысының алаңдаушылығын түсінемін, өйткені мұндай арнайы экономикалық аймақ құруға қыруар қаржы жұмсалады. Шын мәнінде ережеге сәйкес барлық инфроқұрылымды мемлекет өз мойнына алады. Ал бизнес дайын жерге келіп, қандай да бір кәсіпорын құрады. Компаниялардың бәрі бірдей жұмсалған қаражатты ақтамайды. Мемлекет басшысы, Үкімет осыны ескеріп бюджетті толықтырудың ұтымды шешімдерін табуға ұмтылып жатыр, яғни капиталдың сыртқа ағып кетпей ел игілігіне жұмсалуына мүмкіндік беретін тетіктерді құруға тырысады. Менің ойымша, бұл кез келген мәселе сияқты уақтылы шешімін табуы керек.
Айта кетейік, жақында Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, шешімін күтіп тұрған бірқатар нақы міндетті айқындады. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың өсімі үшін қосымша көздер іздеу мәселесіне жеке тоқталды. Президент арнайы экономикалық аймақтардың әкімшілігін тәртіпке шақырды. Ол үшін Үкіметке бір ай уақыт берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Еркін экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп бірнеше рет айттым. Жарты трлн теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан жағдай осындай болып тұр. Нәтижесінде не таптық? Соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5% аспайды. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1% ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов