Қазақстанда «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Отандық банктер 1 трлн лимитке жеткенге дейін халыққа несие беруді жалғастырады. Қаражат 2022 жылдың соңына дейін игеріледі деп жоспапланған еді. Бірақ бұл үрдіс баяу жүруде. Сондықтан танымал ипотекалық несиелеу әлі де жалғасады. Бұл туралы Қазақстанның орнықтылық қоры хабарлады.
Айта кетейік, үш жыл ішінде «7-20-25» бағдарламасы бойынша 325 млрд теңге игерілді. Бұл 27 мыңнан астам қазақстандыққа баспана сатып алуға сеп болды.
Ал «Баспана Хит» бағдарламасына келетін болсақ, ол бойынша берілген несие құны 500 млрд теңгеге жетті және 54 мыңнан астам отбасы тұрғын үй сатып алды. «Баспана Хит» жыл соңына дейін ғана жұмыс істейтін болады. Ондағы лимит 600 млрд теңгені құрайды.
Сарапшылардың болжамы бойынша, екі мемлекеттік бағдарламаның қаржыландыруы аяқталғаннан кейін ипотека нарығында оң өзгерістер болмақ. Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, егер бұл бағдарламалардың баламасы пайда болмаса, елдегі жылжымайтын мүлік бағасы 20% дейін арзандауы мүмкін.