2 наурыз – Қазақстанның сыртқы саясаты үшін айрықша дата. 1992 жылы дәл осы күні еліміз БҰҰ-ның қатарына қосылды. Содан бері республикамыз белсенді ұстанымы мен алға қойған бастамаларының арқасында қауымдастықтағы танымал мемлекетке айналып үлгерді. Соңғы 30 жылда Қазақстан бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтауға айтарлықтай үлес қосты. Еліміз БҰҰ жарғысында бекітілген мақсаттарға жету жолында аянбай еңбек етуді жалғастыра бермек.
Наталья Герман, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:
- Қазақстан БҰҰ-дағы алғашқы жылдан-ақ сенімді серіктеске айналды. БҰҰ оны өте жоғары бағалайды. Қазақстан БҰҰ-ның алаңын тиімді пайдаланатын, келіссөздер жүргізетін және түрлі бастаманы жүзеге асыра алатын мемлекет ретінде танылды.
Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, қарусыздандыру мәселелері жөніндегі жоғары өкілі:
- Қазақстан өз уақытында әлем бойынша 4-ші ядролық арсеналдың иесі болып еді. Бірақ сіздер одан бас тарту арқылы өзге мемлекеттерге үлгі көрсеттіңіздер. Семейдегі ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдадыңыздар. Осылайша әлемді ядролық қарусыздандыру идеясының көшбасшысына айналдыңыздар. Сіздердің осы саладағы белсенділіктеріңіз қуантады. Бүгінде адамзатқа әлі де ядролық қауіп-қатер төніп тұр.