2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздерінің үлесі Қазақстанның жалпы энергия балансының 80% асады. Бұл туралы «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» халықаралық конференциясында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай міндеттер жүйелі шаралар қабылдауды қажет етеді. Оның ішінде отын-энергетика кешенін жаңғыртуды, индустриялық және агроөнеркәсіптік саясатты қайта қарап, тұрғын-үй шаруашылығында, құрылыс салаларында өзгерістер және тұтастай алғанда адамдардың өмір сүру салтына жаңа көзқарастарды талап етеді.
Бұдан басқа, 2050 жылға қарай барлық көмір электр станциялары қолданыстан шығарылады. Бірақ көміртегі бейтараптылығына және мәлімделген мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекеттің, бизнес пен қоғамның күш-жігерін біріктіру маңызды. Бұл 2060 жылға қарай парниктік газдардың нөлдік теңгеріміне қол жеткізуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.