Өткен жылы 8,5 млн-нан астам азаматымыз шетелде демалудың орнына ел ішіндегі туристік орындарда саяхаттауды таңдапты. Ішкі туризмдегі тың көрсеткіштерді Мәдениет және спорт министрлігі жариялады. Сарапшылардың айтуынша, соңғы деректер 2021 жылғы деңгейден 2 миллионға артық.
Ақмарал Меңлібек, ҚР МСМ туризм индустриясы комитетінің бас сарапшысы:
Бізге шетелдік қонақтарды тартумен қатар ішкі туризм көрсеткіштері де маңызды. Мысалы, елімізде бір жылдан астам уақыт бойы Kids go Free бағдарламасы жұмыс істейді, соның арқасында балаларға Қазақстан бойынша тегін рейстер ұсынылады. Сондай-ақ, ел ішінде саяхаттайтын азаматтарға туристік кэшбек енгізу жоспарланған. Біз қазірдің өзінде бар дестинациялар мен ішкі туризмге деген қызығушылықты арттыру бағытында жұмысты жалғастырамыз.
Ішкі турларға сұраныстың өсуіне ұсыныстардың әртүрлілігі де әсер етті. Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтарға демалыс орындарын таңдауға мол мүмкіндік берілген. Елімізде туристік инфрақұрылымның жаңа нысандары – мейрамханалар, мәдени-ойын-сауық орталықтары, қонақ үйлер мен демалыс орындары белсенді түрде ашылуда. Мәселен, 2022 жылы демалыс орындарының қатары тағы 3 жүзге жуық толығып, жалпы саны 4 мыңға жетті.