Қазақстанда жаппай егін жинау жұмыстары тамыздың үшінші онкүндігінде басталады. Үкіметте науқанға дайындық мәселелері пысықталды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу мен егін жинауға 580 млрд теңге көлемінде рекордтық қаражат бөлінген. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алуға бағытталған сома 5 есеге ұлғайтылды.
Бейінді ведомство дерегінше, қауырт маусымға қажетті техника сақадай сай. Орақ жұмыстарына барлығы 150 мыңға тарта трактор, 38 мың астық жинайтын комбайн және 14 мың дестелегіш тартылады. Жер емген шаруаларға күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 64 мың тоннадан астам жеңілдігі бар дизель отыны жөнелтілді. Премьер-Министр жалпы егін жинау науқанын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Сонымен қатар, бастырылған отандық өнімді өткізу нарығын естен шығармауды тілге тиек етті. Бұл ретте Қытай, Таяу Шығыс, Африка және басқа да елдердегі серіктестермен астық экспорты жандандырылмақ.
Айта кетейік, биылғы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы ауданы 23 млн га асады. Оның 17 млн га жуығын дәнді дақылдар құрайды.