Қазақстанда тағы бір ұлттық университет құрылады

Қазақстанда Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылады. Ел Премьер-Министрі тиісті қаулыға қол қойды. Жаңа жоғары оқу орны биыл қыркүйек айынан Тараз қаласында өз жұмысын бастайды. Онда аты айтып тұрғандай су жүйесінде жоғары білікті кадрлар даярланбақ. Атап айтсақ, «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инженерлік жүйелері», сондай-ақ «Су шаруашылығындағы инновациялық технологиялар» сияқты жаңа білім беру бағдарламалары енгізіледі. Университеттің алдағы жаңа оқу жылына 245 орынға шақталған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы бөлінді. Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Тараз гидромелиорациялық-құрылыс институтын тиісті материалдық-техникалық қамтамасыз етіп, қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Нәтижесінде, Үкімет М.Х. Дулати атындағы Тараз аймақтық университетін қайта ұйымдастыру және оның базасында екі жоғары оқу орнын құру туралы шешім қабылдады.

Нұрлан Ахметов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі департаментінің бас сарапшысы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі Тараз қаласында Ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін құру жұмыстарына атсалысуда. Қазір біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге жаңа мамандықтардың су саласына қажеттілігін зерттеп жатырмыз. Бірлесе басым бағыттарды анықтап, білім беру стандарттарын әзірлеудеміз. Студенттерді биылдан бастап қабылдауды жоспарлап отырмыз.