Қазақстандық дизайнер Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарының брендингін және конькишілерге арналған медальдер мен мерейтойлық белгілерді жасауға атсалысты. Рустам Садыров Қытайда он жылға жуық еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде ол ірі қытайлық және халықаралық компаниялармен жұмыс істеген.
Рустам Садыров, инженер-әзірлеуші, дизайнер:
- Олимпиада комитетінің брендингі мен дизайнының негізгі идеясын кураторым, компания директорымен бірге әзірледім. Өзім жасаған ауқымды жұмыстың бірі – осыдан екі жыл бұрын өткен Олимпиада көрмесінің кіреберіс қақпасы. Көптеген нұсқаның ішінен менікі жеңіп шықты. Қақпаны мұз әлеміне кіргендей, ерекше сезім қалдыратындай етіп жасадым. Бірінші орынды, яғни алтын медальді бір ғана спортшы жеңе алады. Барлық топтамадан біз бір алтын жасадық.
Еңбек жолын туған жерде бастаған Рустам кейін Қытайға барып, сол елдің үлкен нарығында бағын сынап көруге бел буған. Жұмыс барысында әлемдік беделі бар технологиялық компаниялармен бірігіп жұмыс атқарған. Дизайнердің айтуынша, бүгінде автомобиль жасаудан басқа барлық дизайн түрін оқып, меңгеріп алған. Ендігі жоспары – өз тәжірибесін отанында іске жарату.
Рустам Садыров, инженер-әзірлеуші, дизайнер:
- Қытайда өткен тоғыз жыл ішінде өмірім мүлдем басқа бағытқа бұрылды. Графикалық, өнеркәсіптік, көрмелік дизайндағы тәжірибемді ескере отырып көптеген танымал брендпен жұмыс істедім. Өзімнің білім-тәжірибемді туған жерімде іске асырсам деймін. Қазақстанда талантты жастар өте көп. Facebook-та хат алмасып тұрамыз. Сұрақ-жауаптар да көп. Бір қызығы, қазір жастар өзін-өзі дамытуға көп көңіл бөледі.
Рустам дизайн саласындағы әлемдік жаңалықтарды қалт жібермей, оларды оқып-зерттеп, өз шығармашылығында кеңінен қолданады. «Әлем үнемі өзгерісте. Білім – бұл негізгі база болса, ал үздіксіз өзін-өзі дамыту – табыстың кілті», – дейді қазақстандық дизайнер.