Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті
дамыту бойынша әлемдік рейтингінде 24 орынға көтерілді. Халықаралық ұйым әлемнің
193 елінің көрсеткіштерін
тексерген.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл еліміздің цифрлық даму бойынша деректері рейтингке енген уақыттан
бергі ең үздік көрсеткіш. Алдыңғы көрсеткішпен салыстырғанда
Қазақстан 4 сатыға ілгері жылжыды. Еліміз цифрлық даму көрсеткіші бойынша Швейцария
мен Түркия сияқты мемлекеттерді басып озған. Оның үстіне, Қазақстан Ресей,
Армения, Өзбекстан мен Әзербайжан секілді ТМД елдерінен де оқ бойы озық тұр.
Жаслан
Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
-
Бұл көрсеткіш еліміздегі цифрлық басқарудың деңгейі өте жоғары екенін, әрі біздің мемлекеттік
қызметтерді толық цифрландыруға деген нық қадамдарымыздың дәлелі. Бүгінде бізде
қызметтердің 90 % онлайн-форматта қолжетімді. Сол себепті бұл рейтинг біздің
барлық басымдықтарымызды ескеріп отыр. Ерекше айта кетерлігі, олар сараптама
жасайтын 3 негізгі бағыт бар. Олар: электронды қызметтердің дамуы, бұл - біз
айтып жатқан онлайн-форматтағы қызметтер. Сонымен қоса, адами даму мен
телекоммуникациялық инфрақұрылымның дамуы. Осы бағыттардың барлығынан да біз
жақсы нәтиже көрсетіп отырмыз.
Сондай-ақ,
есепте Қазақстанның инфрақұрылымға белсенді түрде инвестиция салып, жасанды
интеллект, блокчейн және заттар интернеті сияқты озық технологияларды енгізе
отырып, цифрлық трансформация саласында елеулі жетістікке қол жеткізгені атап
өтілген. Олар E-License және Smart Data Ukimet сияқты шешімдердің арқасында
мемлекеттік қызметтерді басқару мен көрсетуді барынша қолжетімді және ашық ете
отырып, түбегейлі өзгертті. Алайда, Қазақстан қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсіп, тоқтауға ниетті
емес. Электрондық
үкіметті дамыту, оның ішінде жасанды зияткерлік функциясы бойынша жалғасады.
Жаслан
Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бұл
пайдаланушыларға түрлі мемлекеттік қызметтерді алуға көмектесіп қана қоймай,
өмірлік жағдайларда базалық консультациялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Бүгінде бізде 150-ден астам осындай
жағдай анықталған, олардың айналасында біз
белсенді мемлекеттік қызметтерді құрып жатырмыз. Жоспарда осы процестерді ретке
келтіру, интуитивті өзара іс-қимыл үшін процестерді инжинирингтеу бар және де
жүйе автоматты түрде кеңестер ұсынады. Солардың бірі - мерзімі
өтіп бара жатқан құжаттарды жаңарту қажеттілігі туралы хабарлама.
Яғни, азаматқа
құжаттың аяқталу мерзімін қадағалаудың қажеті жоқ.