Қазақстанда су тасқынынан қауіп күшейді

Қазақстанда су тасқынынан қауіп күшейді

Қазақстан аумағының басым бөлігінде су тасқыны қаупі сақталуды. Еліміздің бірнеше өңірінде еріген қар суының жайылу жағдайлары бар. Мәселен, Ақтөбеде тағы бес саяжай үйін су басып, біреуі қирап қалды. Өңірдің төрт ауданында, оның ішінде 9 елді мекенде тасжолды су шайып кеткен.

Батыс Қазақстан облысында трансшекаралық Қараөзен мен Сарыөзен және Жайықтағы судың деңгейі де ұдайы бақылауда. Қала іргесіндегі саяжай аумақтарын қорғау мақсатында Шаған өзені де құм толы қаппен қоршалып жатыр. Ақмола облысында су тасқыны қаупі әлі сейілмей тұр. Мұнда ауа температурасының көтеріліп, қардың жылдам еруіне байланысты облыстың 7 ауданын су басуы мүмкін. Төтенше жағдай қызметі тәуліктік жұмыс режиміне көшті.

Манарбек Шапағатов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда Қосшы, Степногорск қалалары мен Целиноград, Аршалы, Астрахань, Шортанды, Жарқайың аудандарынан 200 текше метр су шығарылды. Ерейментаудағы аудандық маңызы бар автожолға 3 жақтан ергінен қар суы құйылып жатыр.

Қарағанды қаласын да қарғын су басты. Су бірнеше көпқабатты үйлердің жертөлесіне дейін кірген. Ал елордада су басу қаупі бар 25 аумақ анықталды. Басым бөлігі Есіл және Алматы аудандарында. Тасқынмен күреске төтенше жағдай қызметінің техника және қызметкерлерінен өзге, Ұлттық ұланның сарбаздары да тартылды.