Қазақстанда бидай экспорты рекордтық деңгейге жетті. Бұған статистикалық мәліметтер дәлел. 2022 жылдың қыркүйегінен биылғы жылдың шілдесіне дейін еліміз сыртқы нарыққа 7 миллион тоннадан астам астық саудалаған. Айта кетейік, бұл – соңғы бірнеше маусымдағы абсолютті рекорд. 2021 және 2022 жылдардың сәйкес кезеңімен салыстыратын болсақ, республика 5 миллион тоннадан астам бидайды сыртқа шығарған. Негізінен экспорттың басым бөлігі Өзбекстанға жіберіледі. Көрші мемлекет отандық астықты ең ірі импорттаушы елдер қатарына кіреді. Өзбекстанға 3 миллион тоннадан астам бидай жөнелтілді. Бұл алдыңғы маусымдармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Сонымен қатар 1 млн тоннаға жуық қазақстандық астықты Тәжікстан сатып алған. Ал Ауғанстанға 740 мың тоннадан астам астық экспортталды. Түрікменстан мен Қытай елдеріне бидай сәл аз саудаланған.