Өскеменде тұңғыш рет атом станцияларына арналған жылу бөлу құрылғысын шығару қолға алынды. Оны реакторлардың энергетикалық жүрегіне балайды. Отандық атомшылар бір ауысымда осындай екі энергия тасымалдаушы құрылғыны жинай алады. Бұл жоба Қазақстанды атом станцияларына арналған ядролық отын өндіруші және оны жеткізуші елдер қатарына қосады. Енді еліміз табиғи уранды өндіріп қана қоймай, дайын ядролық отынды серіктес елдерге қосарланған құнмен саудалап, толық циклге өте алады.
Лоранс Бурашо, энергетикалық компанияның вице-президенті /Франция/:
- Сіздердің зауыттарыңызда өндірілетін энергия тасымалдаушылар негізінен азиялық нарыққа бағытталады. Сол арқылы Қазақстан атом энергетикасындағы «жасыл» технологияларды қолданушы елдер арасында маңызды рөлге ие болады.
Еліміз Қытайға жылу бөлгіш құрылғы түрінде жыл сайын 200 тонна ядролық отын сатуды жоспарлауда. Бүгінде аспанасты елінің энергетикалық нарығының сұранысы жоғары. Қытайда қазір 11 атом электр станциясы блогы салынып жатыр.
Владимир Вахненко, Өскемен металлургиялық зауыты басқарма төрағасының орынбасары:
- Біз отандық нарыққа ядролық отын түрін шығаруға қазірдің өзінде дайынбыз. Мұның бәрі сұранысқа байланысты жүзеге асады. Біздің өнімді тұтынатын қытайлық әріптестеріміз бір ғана жеткізушіге тәуелді болғысы келмейді. Сол себепті олар бізбен жұмыс істеуге мүдделілік танытып отыр.
Әлемде барланған уран қорының 14% Қазақстанда орналасқан. Республикамыз бейбіт мақсаттағы атом өндірісі саласындағы көшбасшылықты сақтап, өңдеу технологияларын жетілдіріп келеді.