Қазақстан мен ЕО өңірдегі транзиттік сауданы жеңілдету жолдарын талқылады

Қазақстан мен ЕО өңірдегі транзиттік сауданы жеңілдету жолдарын талқылады

Қазақстан – ЕО-ның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Тараптар арасындағы 2021 жылғы өзара сауда көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда үштен бірге өсті. ЕО да өз кезегінде еліміздің ең ірі инвестициялық және сауда серіктесі болып қала береді. Бұл туралы Брюссельде өткен «Қазақстан-ЕО» Ынтымақтастық комитетінің бесінші отырысының қорытындысы бойынша Еуропалық комиссияның Сауда жөніндегі бас дирекциясының Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия департаменті басшысының орынбасары Тимо Хаммарен мәлімдеді. Хаммареннің айтуынша, тараптар Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің сауда бөлімін жүзеге асыру жолдарын талқылады. Делегациялар ЕО-ға қазақстандық тауарлардың экспорттық тізімін кеңейту, сондай-ақ аймақтағы қазіргі саяси жағдайда транзиттік сауданы жеңілдету жөнінде пікір алмасты.

Тимо Хаммарен, Еуропалық комиссияның Сауда жөніндегі бас дирекциясының Таяу Шығыс, Түркия, Ресей және Орталық Азия департаменті басшысының орынбасары:

- Біз саудадағы техникалық, фитосанитарлық стандарттар, сауданы жеңілдету, бизнес пен өнімді таңбалаудағы кедергілерді жою және басқа да көптеген техникалық мәселені талқыладық. Сондай-ақ аймақтық байланыс, сауда және оны жеңілдету мәселелерін де ортаға салдық. Өңірде транзиттік сауда өте көп әрине, бізді қазіргі саяси жағдай алаңдатады, өйткені бұл тасымал мәселесіне әсер етеді. Мұндай мәселелерді болдырмаудың жолдарын талқыладық. Көпжақты форматта ДСҰ-дағы ынтымақтастығымызды қозғадық. Қазақстан биыл бұл жерде маңызды рөл атқаруда. Сонымен бірге алда жоспарланып отырған ДСҰ министрлерінің конференциясын өткізеді. Бұл тұрғыда да қалай ынтымақтасуға болатынын талқыладық.