Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды

Қазақстанда су секторын дамыту бойынша серіктестердің Үйлестіру кеңесі құрылды. Оған еліміздің салалық министрлігі, БҰҰ Даму бағдарламасы мен халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, донорлық қауымдастықтардың және басқа да бірқатар құрылым өкілдері кіреді. Кеңес қаржы әрі техникалық ресурстарды жұмылдырумен айналысады. Осылайша елдің су саласына озық халықаралық тәжірибе мен инновациялық шешімдерді енгізу қарастырылып отыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Дүниежүзілік банкпен Солтүстік Аралды құтқарудың екінші кезеңін бастайын деп отырмыз. Қазір оған қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Одан басқа қазір Ислам даму банкімен жұмыс істеп жатырмыз. Осы қыркүйектің басында аралық хаттамаға қол қойдық. Қазан айында негізгі келісімшартқа қол қоямыз деп жоспарлап отырмыз.

Кеңес аясында суды басқару саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту жағы да қамтылған. Бүгінде Қазақстан Орталық Азия елдерімен және Ресеймен трансшекаралық су қорын бөлу келісімін жасады. Енді Қытаймен тиісті шарт жобасы әзірленуде. Айта кетейік аспан асты елімен шекаралас 25 өзен бар.

Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің бірінші вице-министрі:

- Зерттеулер өткізілді. Біз қытайға бардық, қытай сарапшылары бізге келді. Бірігіп бүкіл өзендерді зерттеп, келісім шарт болған соң нақты сандар болуы керек қой. Қаншадан бөлінуі керек дегендей. Негізінен 50-де 50 болады. Қанша көлемде су келетінін біз қазіргі таңда нақты біліп отырмыз.

Айта кетейік, бір жыл бұрын елде су рессурстары және ирригация министрлігі құрылды. Осы уақыт ішінде саланың құқықтық базасын қалыптастыруға екпін қойылды. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Сондай-ақ, су ресурстарын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.