Соңғы бес жылда Қазақстанға Венгриядан 13 мыңнан астам турист келді. Осы аралықта Венгрияның көрікті жерлерін 22 мыңнан астам қазақстандық көрген. Мамандардың болжамы бойынша, жылдан жылға бұл сан тек арта түседі. Қазақстан мен Венгрия өзара вакцина паспортын алғашқылардың бірі болып мойындағанын айта кеткен жөн. Ал қыркүйек айынан бастап тараптар тұрақты әуе қатынастарын қайта жаңғыртты. Бір күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласына Будапешттен Венгр турфирмаларының журналистері мен өкілдері келді. Шетелдік қонақтар қазақстандық әріптестерімен кездесіп, елордадағы бірқатар мәдени нысан мен көрікті жерлерді аралап, еліміздің бас қаласының туристік әлеуетінің жоғары екенін атап өтті.
Наталья Капустина, турфирма өкілі /Венгрия/:
- Біз журналистер тобымен бірге Қазақстанға алдағы уақытта Венгриядан туристерді көптеп тарту үшін келдік. Қаланың заманауи, даму жолында өз ісін жалғастырып келетіні өте ұнады. ЭКСПО – өз алдына бөлек әңгіме. Менің ойымша, қазірдің өзінде қала жоғары деңгейде, әрине, болашақта дамытатын жерлері бар.
Екі ел арасындағы екіжақты әріптестікті дамыту әлеуеті сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық саласында да кең. 2005 жылдан бастап Венгриядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция көлемі 258 млн доллардан асты. Бүгінде Қазақстанда Венгрия капиталының қатысуымен 28 компания және 41 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Тараптар арасында медициналық туризм, агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергетика, көлік, логистика және қаржы салаларында бірлескен жобаларды іске асыру бойынша келісім бар.
Авторы: Ақзер Сегізбай