Қазақстанда
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ел аумағында барлық өнімді сату кезінде
Тауарлардың ұлттық каталогынан NTIN кодын пайдалану міндетті болады. Жаңа
орталықтандырылған цифрлық ресурс өндірушілер, дистрибьюторлар және сауда
желілері арасындағы деректердің алшақтығын жоя отырып, тауарлар туралы
мәліметтерді біріктіруге мүмкіндік береді. Каталогтағы әрбір атау үшін құрамы
мен шыққан елінен бастап бренді, NTIN кодына
дейін толық ақпараты бар карточка жасалады. NTIN - GTIN халықаралық
штрихкодының қазақстандық аналогы. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жаңалықтар
бизнестің тауарларды сипаттауға жұмсалатын шығындарын азайтуға, оларды нарыққа
шығаруды және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік
береді. Мемлекет үшін бұл жүйе өнім айналымын бақылау, контрафактімен күрес
құралы, ал сатып алушылар үшін ашықтық пен қауіпсіздіктің кепілі болады. Сауда
министрлігі нарық қатысушыларын жаңа талаптарға біртіндеп көшуді қамтамасыз ету
үшін пилоттық жобаға қазірден бастап қосылуға шақырады.
Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:
- Мемлекет басшысы қол қойған тапсырма бойынша және заңға сәйкес келесі
жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық өндіруші-импорттаушылар өз тауарларын
мемлекеттік деректер базасына тікелей тіркеуге міндетті болады, тиісті заңға
қол қойылып, енгізу бойынша үкімет ішінде жол картасы әзірленіп қойды. Каталог
фискалдық деректер операторларымен, бақылау-кассалық машиналармен
байланыстырылған, яғни чектерді шығару кезінде NTIN шығады. Қазір базада осының
есебінен 15 млн тауар бар.

