Қазақстанда шыққан тауарлардың тізілімі жасалады. Ол 2026
жылдың 1-ші қаңтарына дейін қолданыста болатын «СТ-KZ» нысанындағы
сертификаттар мен индустриялық сертификатты алмастырмақ. Ел Мәжілісі тауарлардың
шығарылған елін айқындау мәселелері жөніндегі заңды екінші оқылымда қабылдады.
Құжатты Парламенттің төменгі палатасының депутаты Мұқаш Ескендіров ұсынды. Оның
аясында бірқатар өзгерістер енгізілмек. Енді жаңа талаптарға сәйкес, тізілімге кіру
үшін өндіруші өндірістік және технологиялық операциялардың ең төменгі шегінің
орындалуын көрсетуге міндетті. Сондай-ақ, оны құжатпен қоса, фото және
бейнематериалдардың көмегімен де растауы керек. Мұндай шаралар шынайы қазақстандық
өндірушілерді анықтап, жалған кәсіп иелерін қатардан ысыруға септеспек. Бұндай
іріктеуден сүрінбеген кәсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларына және
реттелетін сатып алуларға қатысуға қолжеткізеді. Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі осы саладағы уәкілетті орган болып белгіленді.
Мұкаш Ескендіров,
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Уәкілетті органның Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімінен шығару туралы шешімдеріне шағымдану мүмкіндігін беру бойынша ұсыныстар қолдау тапты. Шағымдарды қарауды уәкілетті орган құрған комиссия жүзеге асырады. Шағымдану тетігі комиссияның құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және салалық қауымдастықтар өкілдерінің қатысуы міндеттілігі заңға тәуелді актыда айқындалатын болады.
Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бірыңғай дизайн-код ендіріледі
Мемлекет басшысының тапсырмасымен тағы бір заң жобасы әзірленді. Құжат Астанада және республикалық маңызы бар қалаларда жер қатынастары, сәулет және құрылыс, жарнама, экология, сондай-ақ, көші-қонды реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Сонымен қатар, оның аясында Астана, Алматы және Шымкентте бірыңғай дизайн-код ендірілмек. Бұл ретте көшедегі қоғамдық орындарда аудио жарнамаға, жол бойында сыртқы жарнама ілуге тыйым салу көзделіп отыр. Мәжіліс депутаттары елорданы және республикалық маңызы бар шаһарларды дамыту бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

