Ол әлемде жоғары дәлдікпен осы өнім түрін шығаратын екінші өндіріс ошағы
болмақ. Яғни, бұл шойын қосымша өңдеуді қажет етпейді. Сондай-ақ елімізде енді
бір экспортқа бағдарланған экологиялық таза фероқосындылар жасап шығаратын су
жаңа зауыт қолданысқа беріледі. Қуатты жылына 240 мың тонна өнім шығаруға
қауқарлы болады деп күтілуде. Бұл жөнінде арнайы брифинг барысында сала
мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, осы жылы жүзеге асырылып жатқан 281
инвестициялық жоба бекітілген. Олардың жалпы құны 2 трлн теңгені құрайды.
Сонымен қатар қазір елде біріңғай инвестициялық тұғырнама құру ісі қолға
алынған. Бұл инвестиция тартудан бастап, оны жүзеге асыру кезеңіне дейінгі бар
үрдісті бақылауға мүмкіндік беретін жүйе.
Ардақ Зебешев, ҚР СІМ инвестиция комитетінің төрағасы:
- Бұл жұмыстың осы жылдың соңына дейін бірінші кезеңі іске асырылатын болады. Ендігі жылдың ортасына дейін екінші кезеңі іске асырылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының кемінде 150 млрд АҚШ долларды 7 жылдың ішінде елге тарту тапсырмасы болатын. Сол міндет шеңберінде біз осы жылдың қорытындысы бойынша 24 млрд долларды елге әкелуді көздеп отырмыз. Бұдан басқа жыл соңына дейін кемінде 4 инвестициялау туралы келісім жасасу, оның екеуі қазіргі таңда жасалған. Және кемінде 3 инвестициялық көтермелеу және қорғау туралы келісімдерге қол қою немесе ратификациялау + және шетел инвестицияларының қатысуымен кемінде осы жылдың қорытындысы бойынша 40 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Бұл орайда Қазақстан теңізге шыға алмайтын елдердің ішінде инвестициялық
өсім бойынша көш бастап келетінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, пост кеңестік
аумақта және Орталық Азия өңірінде жетекші орынға ие. Мәселен, былтыр елге
тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 28 млрд доллардан асты. Бұл соңғы
10 жылдағы рекордттық меже. Биыл жылдың алғашқы тоқсанында ғана 7,6 млрд доллар
инвестиция тартылды. Былтырдың сәйкес кезеңінен 10% артық.