2021 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан экономикасына Қытайдан жарты млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткіштерімен салыстырғанда 64% артық. Жергілікті сыртқы саясат ведомствосының дерегінше, бұл тарап – сауда-экономикалық бағытта көш бастаған негізгі әріптестердің бірі. Сондай-ақ аспанасты елі отандық экономикаға қаржы құйып жүрген үздік инвесторлардың бестігіне енеді. Қос мемлекет бірлесіп жалпы құны 21 млрд доллардан асатын 52 жобаны іске асырып жатыр. Оның ішінде 4,3 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалған 18 жоба қолданысқа берілген. Бұл – машина жасау, мұнай өңдеу, химия, тамақ өнеркәсібі, агроөндірістік кешен, инфрақұрылым, құрылыс және логистика салаларындағы тың бастамалар. Жалпы соңғы 15 жылда Қытай Қазақстан экономикасына шамамен 20 млрд доллар инвестиция салды.
Ерлан Зейнешев, ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:
- Қытаймен тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Пандемияға қарамастан 2020 жылы өсім болды. 2021 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша да оң динамиканы көріп отырмыз. Сауда тұрғысынан экспорттың көлемі басым. Яғни біз импорттағаннан гөрі, көбінесе өз өнімдерімізді жібереміз. Сондықтан сауда тиімді даму үстінде. Қытайға негізінен мұнай, ферроқорытпа, мыс, түрлі кен қосындысы, табиғи газ және тағы басқа отандық өнімдерді тасымалдаймыз. Тауар айналымының өсімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5% артып отыр.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов