Қазақстанда құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге болады. Республикалық мұсылмандар діни басқармасы қасиетті мейрам қарсаңында бұған мүмкіндік беретін арнайы сайтты іске қосты. Бас мүфти жамағатты «Құрбан-2022» қайырымдылық акциясына үлес қосуға шақырып, халыққа оңтайлы болу үшін биыл құрбан шалу офлайн және онлайн түрде жүзеге асатынын тілге тиек етті. Яғни бұл жолы да, қашықтан құрбан шалам деушілер сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе жеті адам бірігіп шалса болады. Биылғы Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 9- шы шілдеге сәйкес келіп тұрғанын еске сала кетейік.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов